Құрметті ата-аналар!
Астана қаласы әкімдігінің №92 «Жауқазын» балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 2017 жылы ашылған. Балабақша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жүзеге асыратын мемлекеттік білім беру ұйымы болып табылады.
Мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамаларына, сондай-ақ мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартына сәйкес жүзеге асырады.
Балабақшада 12 топ жұмыс жасайды. Тәрбие мен оқыту үдерісі мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Балабақшаның негізгі мақсаты – тәрбиеленушілердің жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, олардың зияткерлік, тұлғалық, шығармашылық және әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай жасау, балаларды мектепке сапалы даярлауды қамтамасыз ету.
Білім беру үдерісі бекітілген оқу бағдарламалары негізінде ұйымдастырылып, білікті әрі тәжірибелі педагог кадрлармен жүзеге асырылады. Педагогикалық ұжым тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға, қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше назар аударады.
Балабақшада дамытушы пәндік-кеңістіктік орта жасақталған, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілді меңгерту, мәдени-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Мекеме ата-аналармен өзара ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, балалардың толыққанды дамуына және сапалы мектепке дейінгі білім алуына жағдай жасауға бағытталған.

